Тұлға тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі
Баланың шыр етіп өмірге келуі-зор қуаныш. Өйткені, бала өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Аллаһтың берген сыйы. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан.
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.
Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Ата-ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Осылай баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді.
Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс – әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы.
Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі — білсем екен деп ұмтылып,одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді ?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі «жан құмары, білсем екен,көрсем екен,үйренсем екен.»деген үлкен пәлсопалық ой жатыр. Яғни, балаға туғаннан тән азығы — тамақ қандай қажет болса,жан азығы — жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет.
Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген.
Баланың аты-бала. Ол білместікке ұрынбай тұрмайды. Тіпті, бірінші қадамдарына бөбектің ісі бүлдіруден келеді. Бүгін аңдаусыздан аяқ-табақтың бірін сындырып алса, ертең шалбарын шегеге ілдіріп үйге қайтуы да ықтимал. Мұндайда халқымыз «Ата-балаға саншы» немесе «Баланың балалығына әкенің даналығы бар» дейді. Баланың балғын ойы мен сенімі алдында ең беделді тұлға – әке, әлеуетті, ақылды, білімдар әке. Жаны сұлу жайсаң азамат өсіруде әке орны бөлек.
Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше.
Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді. Ер бала ең алдымен әкенің өнегесінен нағыз ер адам қандай болу керектігін қабылдайды. Сондықтанда әке ұлын батылдыққа, батырлыққа, ер жүректікке, адалдыққа, қайраттылыққа, ұлтжандылыққа, әйел баласына серілік қарым-қатынас танытуға, отағасы қандай болу керек екендігін өз тәжірибесі арқылы үйретіп, үй еңбегінің аса қиын соғатын істерді өз мойнына алуға талпынуға тәрбиелеуі керек.
«Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын. Әйел адамның алдында тербелетін бесігі болсын», «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты». Ата – ананың адамдық парызын осы мақалалар да өте әдемі бейнеленген. «Ұлы бар үйде қуат бар, қызы бар үйде шуақ бар». Көңілге нұр құятын, өміріңе сән сыйлайтын, өршілдікке үндейтін өлмес даналық емеспе бұл?! Шығыста: «Үш іс тындырған адам: яғни бала өсірген кісі,ағаш – талдар өсірген кісі және кітап жазған кісі өлмейді» деген даналық бар.
Ана өмірдің қайнар бастауы. Ана – ақылды тәлімгер. Ана – бала бақытының бағбаны. Ана өз басын, өз денсаулығын ұмытып, өзгелердің қамын жеуді бәрімізге үйретуші. Аналық парызын адал ақтаудың біздің үлкен әжелеріміз, туған аналарымыз әсем үлгісін танытып өткен. Қазірде де пейілді аналар қаншама.
«Ана – балаға жастық, әке – көрпе». Бұл – ұрпақтың тәрбиесіндегі бар ауыртпалық ата – ананың ғұмыр бойы мойнында деген сөз. «Білімсіз бүлдіреді, ата – анасын күйдіреді». Бұл да бір мәнді мақала.Сондықтан балаларымыздың тәрбиесіне отбасынан бастап жақыс тәрбие білім беру сізбен біздің міндетіміз.