Білім беру ұйымдарындағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы » ГККП "Ясли сад №67"
Государственное коммунальное казенное предприятие
«Ясли-сад №67»
Управления образования города Алматы
Заведующий :
+7(727) 296-19-40
Методист:
+7(727) 246-82-28
Версия для
слабовидящих
» » » Білім беру ұйымдарындағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы
17
сентябрь
2024

Білім беру ұйымдарындағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы

№ 194 от 30.07.2024

Қазақстан Республикасы 

Оқу-ағарту Министрінің міндетін атқарушының

бұйрығына 1-қосымша

«___»____ 2024 жыл 

№ ____



Білім беру ұйымдарындағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы  


Кіріспе

1 бөлім. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері

2 бөлім. Бағдарламаның әдіснамалық негіздері

3 бөлім. Бағдарламаның мазмұны

4 бөлім. Тәрбие бағдарламасын іске асыру 



Кіріспе


Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап, білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударуды тапсырды. Осыған орай 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерді. Еліміздің болашақтағы негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттады. Үштаған – бір-бірінен бастау алатын және өзара тығыз байланысты ұғымдар, ел ішінде заң мен тәртіпті қатаң сақтауды қамтамасыз етуді саясатымыздың тұғырлы қағидатына айналдыратын мықты демократиялық институттары мен дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекетті құрудың шарты және еліміздің жаңғыруы мен әрі қарай дамуының стратегиялық бағдарын айқындайды. Бұл баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғамды қалыптастыратын адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлес қосқанда ғана мүмкін болады. 

Озық дамыған мемлекет құру үшін азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы қажет. Осыған орай жастарды тәрбиелеу «Адал азамат» идеясымен үндеседі. Бұл балалар мен жастардың бойында әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын дарыту арқылы адал еңбек пен қоғам игілігін алдыңғы орынға қоятын, адал, әділетті азаматтарды тәрбиелеуге бағыт береді. 

Ал, «Әділетті Қазақстан» идеясы әрбір азаматқа өзін-өзі жүзеге асыруға және табысқа жетуге бірдей мүмкіндік беретін қоғам құру мақсатын көздейді. Бұл мақсатқа жету үшін балалар мен жастардың бойында тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, заң мен тәртіп құндылықтарын дамытуды қажет етеді.

«Озық ойлы ұлт» идеясы балалар мен жастардың бойында білімге құштарлық, шығармашылық және инновациялық ойлау, кәсіби даму, бірлік пен ынтымақ құндылықтарын дамыту арқылы өзгерістерге бейімделіп, инновациялық технологияларды ұтымды қолданатын ұлтты қалыптастыруға бағытталады.

Демек, қазіргі әлемнің сын-тегеуріндеріне дайын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеу «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» үштағанымен сабақтасады. Бұл әрбір азамат өзінің маңыздылығын, жауапкершілігін және ортақ іске қосқан үлесін сезінетін әділетті, дамыған және инновациялық қоғам құруға мүмкіндік береді.

Аталған идеялар мен құндылықтар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) негізіне айналады. Бағдарлама құндылыққа бағдарланған және құзыреттілік тәсілдері негізінде білім алушы тұлғасын қалыптастыруға ықпал ететін негізгі мақсат пен міндеттерді айқындайды.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев озық дамыған мемлекет құру өскелең ұрпаққа тікелей байланысты екендігіне тоқталып, оларды тәрбиелеуге ерекше назар аудару міндетін қойды. Ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын:

тәуелсіздік және отаншылдық

бірлік және ынтымақ

әділдік және жауапкершілік

заң және тәртіп

еңбекқорлық және кәсіби біліктілік

жасампаздық және жаңашылдық құндылықтарын саралап, бала тәрбиесіндегі басты бағдар ретінде айқындады.

Ұлт болашағы балалар мен жастардың бойына қандай құндылықтар сіңіретініне байланысты, сол себепті өскелең ұрпақты тәрбиелеу – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. 

Сондықтан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы елімізді жаңартатын «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу»  ұстанымына негізделеді.



1 бөлім. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері


Бағдарламаның мақсаты:

қазақстандық мәдениет құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, ар-ұждан, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру.

Бағдарламаның міндеттері:

Рухани-адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу:

отанға, өз халқына, оның тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру;

Қазақстан Республикасының Государственные символыін құрметтеуге тәрбиелеу;

адалдық, әділдік, мейірімділік, ар-ұят пен қамқорлық, қайырымдылық және басқа да адамдық қасиеттерді дамыту;

табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу.

Азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді дамыту:

елінің жетістіктері үшін мақтаныш сезімін ұялату;

отбасы, қоғам және мемлекет алдындағы өз міндеттеріне саналы көзқарас қалыптастыру;

өз құқығы мен бостандығы, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға дайын болуға баулу;

әлеуметтік маңызы бар қызметке белсенді қатысуға тәрбиелеу.

Парасаттылық пен адалдықты қалыптастыру:

басқалармен қарым-қатынаста адал әрі әділ болуға және әдептілік нормаларын ұстануға тәрбиелеу;

өз іс-әрекеттері мен сөздері үшін жауапкершілікті түсінуге тәрбиелеу;

еңбексүйгіштік пен өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысын қалыптастыру;

біреудің еңбегі мен мүлкін құрметтеуге тәрбиелеу.

Білім алушының жеке басының үйлесімді дамуы үшін жағдай жасау:

әрбір білім алушыны тәрбиелеу мен оқытуда даралау мен саралау тәсілдемелерін қамтамасыз ету;

білім беру ортасында жағымды психологиялық-педагогикалық ахуал қалыптастыру;

ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету;

отбасын білім беру ұйымдарындағы тәрбие процесіне тарту.




2 бөлім. Бағдарламаның әдіснамалық негізі


Бағдарламаны іске асыру құндылыққа бағдарланған және құзыреттілік тәсілдемелеріне негізделеді. Олар оқытудың, тәрбиелеудің және дамытудың өзара үйлесімді бірлігін қамтамасыз етіп, білім алушылардың қоғамда табысты өмір сүруі үшін қажетті дағдылар мен құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді. 

Тәрбиедегі құндылыққа бағдарланған тәсілдеме білім алушылардың дүниетанымын, мінез-құлқын және қоршаған әлемге деген көзқарасын анықтайтын құндылықтар жүйесін қалыптастыруға негізделген. Тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық білім алушылардың моральдық таңдауын, мінез-құлқы мен іс-әрекетін айқындайтын түйінді құндылықтар болып табылады. Түйінді құндылықтар Бағдарламаны іске асыру шеңберіндегі тәрбие мазмұнын айқындайды және білім алушыларды оқыту, тәрбиелеу және дамытудың өзара үйлесімді бірлігін қамтамасыз ету үшін білім беру мазмұнына кіріктіріледі. Түйінді құндылықтар пән мазмұнының, сыныпта және сыныптан тыс іс-шаралардың ажырамас бөлігі болуы тиіс.

Білім алушылардың бойында түйінді құндылықтарды қалыптастыру құзыреттілік тәсілдемесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл білім алушылардың бойындағы құзыреттер жиынтығын құрайды және білім беру ұйымы түлектерінің моделін айқындайды:

ұлттық мүддені ілгерілету – Отанның дамуына үлес қосуға, өз елінің ұлттық мүддесін қорғауға және дамытуға дайын болуы;

тиімді қарым-қатынас – басқалармен тиімді қарым-қатынас орнату, түсіну, командада жұмыс істеу және қақтығыстарды шешу дағдылары арқылы түрлі әлеуметтік ортада инклюзивтілік пен бірлікке ықпал ету, басқалармен ынтымақтастық орнату;

қоғамға қызмет ету – этикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан қолайлы тәжірибелерді қолдана отырып, қоғамның дамуына ерікті үлес қосуға дайын болу;

азаматтық парыз – этикалық мінез-құлық нормаларын, адалдық және заңның үстемдігін сақтау, қоғам талаптарын құрметтеу және ұстану;

инновациялық ойлау – жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылу, кедергілерді еңсеру үшін жаңа дағдыларды игеру және болашақ бастамаларын табысты іске асыруда өз әлеуетін пайдалану табандылық таныту;

шығармашылық – идеялар мен проблемаларды шешуде стандартты емес тиімді әдістер арқылы контекстке сәйкес генерациялау қабілеті.

Тәрбиеде құндылыққа бағдарланған және құзыреттілік тәсілдемелері бір-бірін толықтырып, өмірлік сын-қатерлерге төтеп бере алатын және табысты әлеуметтенген жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді.



3 бөлім. Бағдарлама мазмұны


Білім алушылардың бойында құндылықтарды дамыту білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесі жағдайында жүйелі ұйымдастырылады. Бұл міндетті іске асыру білім беру мазмұны, сынып сағаттары мен сыныптан тыс іс-шаралары арқылы жүзеге асырылады. 

Ай сайын өткізілетін тұрақты іс-шаралар білім алушылардың біртұтас тұлғасын қалыптастыруға бағытталуы тиіс:

Сентябрь – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы;

Октябрь айы – тәуелсіздік және отаншылдық айы;

Ноябрь айы – әділдік және жауапкершілік айы;

Декабрь – бірлік және ынтымақ айы;

Январь – заң және тәртіп айы;

Февраль – жасампаздық және жаңашылдық айы;

Март – тәуелсіздік және отаншылдық айы;

Апрель – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы;

Май – бірлік және ынтымақ айы.

Құндылықтарды қалыптастырудағы жүйелі және кешенді жұмыс оқу-тәрбие процесінде күн сайын және апта сайын іске асырылатын іс-шараларды қамтиды:  

күнделікті:

«Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» – үзіліс кезінде білім алушылардың бос уақытын ойын түрінде ұйымдастыру – асық, тоғызқұмалақ, бес тас және т.б.

«Өнегелі 15 минут» – ата-аналардың баласымен мінез-құлық және адамгершілік туралы күнделікті 15 минут жеке әңгімелесуі

«Үнемді тұтыну» – жадынамалар, нұсқаулықтар мен парақшалар арқылы суды, тамақты, энергияны және табиғи ресурстарды үнемді тұтынуды және іс-әрекет барысында табиғи ресурстарға (су, энергия және т.б.) ұқыпты қарауды қалыптастыру.

«Кдомкүмбірі» – қоңыраудың орнына күйді пайдалану, сондай-ақ үлкен үзіліс кезінде арнайы кдомтыңдату.

апта сайын:

«Менің Қазақстаным» – оқу аптасының басында бірінші сабақта білім алушылар Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды.

Аптаның дәйексөздері – бүкіл ұйымның сабақта және сабақтан тыс іс-әрекетінің лейтмотиві ретінде қызмет ететін мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, халық даналығы, ұлы тұлғалардың ұлағатты сөздері. Аптаның дәйексөздері ақпараттық стендтерде, Led-экрандарда, тақталарда және т.б. орналастырылады.

«Қауіпсіздік сабағы» – жол қозғалысы ережелерін, өмір қауіпсіздігі негіздерін зерделеу, білім алушылардың жеке қауіпсіздігін, қауіпсіз мінез-құлқын және т.б. сақтауы туралы сынып сағаты шеңберінде 10 минут ақпарат беру, әңгіме өткізу.

Апта сайын сынып сағаттарын өткізу шеңберінде білім алушылардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс іске асырылады. Сынып сағаттарының мазмұнына келесі алдын алу шаралары біріктіріледі:

Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам; 

Буллингтен қорған! 

Ойынға салауатты көзқарас; 

Өмірге салауатты қадам; 

Қоғамдық мүлікті қорға! 

Қауіпсіз қоғам. 

«Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» алдын алу шарасы сынып сағаттарында ақпараттық қауіпсіздік, кибермәдениет, кибергигиена, медиа сауаттылықты дамыту тиісті мүдделі мемлекеттік орган мамандарымен бірлесіп пікірталастар, кездесулер өткізу ұсынылады. 

Сынып сағаттарында «Буллингтен қорған!» алдын алу шарасын ұйымдастыру ұсынылады. Бұл білім алушылардың басқалармен қарым-қатынас жасау, өз эмоцияларын басқару және қақтығыстық жағдайларды шешу дағдыларын дамытуға бағытталған тренингтер мен кейс-сессияларын мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізу ұсынылады. 

«Ойынға салауатты көзқарас» – лудоманияның алдын-алуға бағытталады. Лудомания туралы бейнероликтер қарауға, ойынға құмарлық, онлайн ойындарға ақша тігу т.б. зияны туралы топтық талқылаулар ұйымдастыруға және салауатты әдеттерді, баламалы қызығушылықтар мен хоббиді дамытуға бағытталған сынып сағаттарын,  мектепішілік шеберлік сыныптарын өткізуді қамтиды.

«Өмірге салауатты қадам» алдын-алу іс-шаралары шеңберінде синтетикалық есірткінің (Интернет-ресурстар арқылы) таралуының алдын алу және жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша сынып сағаттарында олардың зияны мен денсаулыққа теріс әсері туралы деректі фильмдер көру, сыныптарда есірткіге қарсы плакаттар, бейнероликтер және т.б. әзірлеу, дұрыс тамақтану және салауатты өмір салты мәселелерін талқылау бойынша іс-шаралар өткізу ұсынылады. 

«Қоғамдық мүлікті қорға!» сынып сағаттарында вандализмге қарсы плакаттар, граффити немесе иллюстрациялар әзірлеу және/немесе қоғамдық мүлікті қиратудың, мәдени ескерткіштерді қиратудың зияны туралы топтық талқылауларды мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізуді қамтиды. 

«Қауіпсіз қоғам» Қылмыстық кодекстің зорлық-зомбылыққа, есірткі заттарын таратуға және т.б. құқықбұзушылық актілеріне байланысты негізгі нормаларды түсіндіру және адам бас бостандығынан айыру, заң бұзушылық жағдайлары, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық істер туралы бейнероликтер қарау мүдделі мемлекеттік орган мамандарымен бірлескен шаралар өткізуді қамтиды.

Қауіпсіз мінез-құлық және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру, буллинг, лудомания, вандализм, нашақорлықтың алдын алу жөніндегі іс-шараларды «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде сынып сағаттарын ұйымдастыру жоспарына сәйкес жүргізу ұсынылады (Бұйрыққа 2-қосымша).

Білім алушылардың негізгі құзыреттіліктерін дамыту мақсатында сыныптан тыс жұмыстар шеңберінде келесі әлеуметтік жобалар ұсынылады: 

«Қамқор» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру арқылы түйінді құндылықтарды дамыту қарастырылады. Жоба шеңберінде білім алушыларды «Қоғамға қызмет ету» волонтерлікке ата-аналар қауымдастығы және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қарттарға көмек көрсету, жануарларға қамқорлық жасау, табиғат элементтерінен қайта өңделген материалдарды пайдалана отырып құстарға ұя жасау т.б. ұсынылады. 

Сонымен қатар жобаны іске асыру «Жер сағаты» экологиялық акциясын, «Түлектердің ағаш егуі» экочелленджін, «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясын өткізуді қамтиды. «Жер сағаты» экологиялық акциясы климаттың өзгеруі мен ресурстарды үнемдеудің жаһандық мәселелеріне назар аударуға бағытталған бастама болып табылады. Акцияның негізгі элементі – жарық пен электр құрылғыларын бір сағатқа өшіру, бұл энергияны ұқыпты пайдалануға үндейді. Білім беру ұйымдары жыл бойы табиғи ресурстарды қорғаудың маңыздылығын көрсететін постер, жадынама әзірлеуге болады. 

«Түлектердің ағаш егуі» экочелленджі – бұл бүкіл республика бойынша мектеп түлектері арасында (9-шы және 11-сыныптар) мектеп аулаларында немесе көше бойында бір мезгілде ағаш отырғызуға үндейді. «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» – бұл мектеп жанындағы аумақты жинау немесе қоғамдық орындарды (саябақтар, скверлер) тазалау акциясы.

«Еңбегі адал – жас өрен» – білім алушылардың түрлі мамандыққа деген қызығушылығын дамыту және еңбексүйгіштікке баулу арқылы еңбекқорлық және кәсіби біліктілік құндылығын қалыптастыруды көздейді. Жоба «Күзгі асар» жәрмеңкесін, «Мамандықтар әлемі» іс-шараларын, «Мамандықтар марафоны» байқауын, мектептің әлеуметтік желілеріне жазбалар жариялау арқылы жүзеге асырылады. «Күзгі асар» жәрмеңкесінде білім алушылар күзгі егіннің табиғи материалдары мен табиғаттың орман өнімдерін пайдалана отырып, ата-аналарымен бірлесіп жасаған қолөнерлерін ұсынады. «Мамандық әлемі» шарасын өткізу мамандықтармен танысу үшін түрлі кәсіпорындарға немесе мекемелерге бару жоспарын әзірлеп, өңірдегі мамандықтармен танысады. «Мамандықтар марафоны» байқауы білім алушылардың шеберлігін көрсету арқылы (мысалы, ағаштан бұйым жасау) әртүрлі мамандықтарға бейімділігін және білім беру ұйымдарындағы жас шеберлерді, таланттарды анықтауға бағытталады (WorldSkills халықаралық байқауына дайындық). Конкурс сарапшыларына түрлі саладағы мамандықтардың үздік мамандарын тартуға болады. Мектептің әлеуметтік желілерінде білім алушылардың әртүрлі мамандық өкілдерімен сұхбат жүргізіп, оны мектептің әлеуметтік желілерінде жариялайды, үздік жазба иелерін анықталады. 

«Шабыт» – білім алушылардың шығармашылығын дамыту арқылы түйінді құндылықтарды насихаттауға бағытталған жоба. Жобаны жүзеге асыру барысында «Даналық ұстаздан» челленджін, «Ұлттық мәдениет» көрмесін, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалін, «Ананың аялы алақаны» челленджін, «Әншуақ» фестивалін, «Домбыра күні» көрме және концерт, мектеп театры жұмысын ұйымдастырылады.

«Даналық ұстаздан» – мұғалімдер күні қарсаңында алғашқы мұғалімдеріне, сүйікті педагогтерге және құрметті тәлімгерлерге арналған челленджі өткізіледі. Қатысушылар бейне хабарлама, мақалалар, өлеңдер, әндер, суреттер және басқа да шығармашылық формалар арқылы алғыстарын білдіре алады. 

«Ұлттық мәдениет» көрмесі білім алушылардың ұлттық атрибуттарды (ағаштан, металдан, матадан, киізден және басқа материалдардан жасалған бұйымдар) пайдалана отырып орындалған шығармашылық жұмыстарын ұсынады. Мұғалімдерге, білім алушыларға және ата-аналарға аптасына бір рет мектепке ұлттық киіммен келуге немесе ұлттық мәдениетті дәріптеу үшін ұлттық атрибуттарды қолдануға болады.

«Жас Сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалі саптық әндер конкурсын, әскери-патриоттық фестиваль, спорттық-далалық ойындарды өткізуді қамтиды. Білім беру ұйымдарына «Жас сарбаз» фестивалін өткізу кезінде қазақстандық авторлардың әндерін және Ұлттық әскери форманы пайдалану ұсынылады.

«Ананның аялы алақаны» челленджінде білім алушылар бейнероликтер, мерекелік ашықхаттар және бейне құттықтаулар арқылы аналарына, әжелеріне және барлық аналарға алғыстарын білдіре алады. 

«Әншуақ» фестивалі #Әншуақ хэштегімен «TikTok» әлеуметтік желісінде өз әнін жанды дауыста орындаудың бейнежазбасын жариялау арқылы білім алушыларды балалар әні фестиваліне қатысуға тарту.

«Домбыра күні» – білім алушылардың, талантты музыканттар мен орындаушылардың қатысуымен түрлі ұлттық аспаптар көрмесімен сүйемелденетін концерт ұйымдастыру. 

           Мектеп театрының жұмысын ұйымдастыруда әдеби шығармалар, тарихи оқиғалар мен атаулы күндер, сонымен қатар жағымсыз әдеттердің алдын алу (лудомания, нашақорлық, кибергигиена т.б.) бойынша сыныптар арасында байқаулар мен театрландырылған қойылымдар фестивалін өткізу ұсынылады. 

           «Ұшқыр ой алаңы» – пікірталастар мен зияткерлік ойындар өткізу арқылы тақырыпты зерделеу және сөйлеу дағдыларын қалыптастыру негізінде түйінді құндылықтарды дамыту көзделеді. Білім беру ұйымдарына құндылықтарға, тарихи оқиғаларға, атаулы күндерге, адам құқығы мен заңдарды зерттеуге, жағымсыз әдеттердің алдын алуға (лудомания, нашақорлық, кибергигиена, зорлық-зомбылық, буллинг және т.б.) байланысты тақырыптық пікірталастар өткізу ұсынылады. Пікірталасқа ата-аналарды, танымал тұлғаларды, қоғам қайраткерлерін тартуға болады.

Зияткерлік ойындарды тек мектеп пәндеріне ғана емес, сонымен қатар танымал тұлғаларға, атаулы күндерге, әлемдік және спорттық оқиғаларға байланысты зияткерлік ойындарды ұйымдастыруға және өткізуге ата-аналарды, танымал тұлғаларды, қоғам қайраткерлерін және т.б. тарту ұсынылады.

«Smart bala» жобасы – инновациялық жобалар байқауы арқылы құндылықты дамытуды көздейді. Жоба шеңберінде «Startup» және «Өнертапқышқа алғашқы қадам» конкурстары өткізіледі. «Startup» байқауы кәсіпкерлік және инновация саласында білім алушылардың қызығушылығын оятуға және дағдыларын дамытуға бағытталған. Білім беру ұйымдарына TEDx форматында таныстырылымдар, инновациялық идеялардың тұсаукесерлерін өткізу ұсынылады. 

«Өнертапқыштыққа алғашқы қадам» байқауында мектептің мүмкіндіктеріне қарай, жасанды интеллектті пайдалану арқылы командалық инновациялық жұмыстар байқауын өткізуге болады. Конкурсты ұйымдастыру барысында инновациялық объектілерге бару немесе аталған объектілер туралы материалдарды (EXPO, IT университеті, ғарыш айлағы және басқалар) онлайн-қарау ұсынылады.

«Балалар кітапханасы» – оқу мен білімге деген қызығушылықты қалыптастыру. Жоба әдеби кеш, кітаптар жәрмеңкесі, кітап кейіпкерлерінің байқауы, «Кітаптар айналымы» акциясы, «Шын жүректен кітап сыйла!» челленджінен тұрады.

Білім беру ұйымдарына әдеби кеш, кітап жәрмеңкесі, кітап кейіпкерлерінің байқауын өткізу кезінде балалар мен жастар арасында танымал заманауи авторлардың кітаптарын талқылауды ұйымдастыруға болады. 

«Кітаптар айналымы» акциясы шеңберінде кітапханада, мектеп буккросингінде білім алушыға қажетті кітапты алып оқуы үшін үйден өзінің бір кітабын әкеліп ауыстырып алу мүмкіндігі болатын кітаптар сөресін құру ұсынылады.

«Шын жүректен кітап сыйла!» челленджі «Досыңа кітап сыйла» челленджін ұйымдастыруды, жазбалары мен тілектері бар кітаптарға сыйлық мұқабаларын жасауды және т.б. қамтиды. 

Әлеуметтік жобаларды іске асыру «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде тәрбие жұмысының жоспарына сәйкес өткізіледі (бұйрыққа 2-қосымша). Білім беру ұйымдары іс-шараларды өткізу уақытын, қатысушылардың санын, өтетін орнын дербес айқындайды. Әрбір іс-шараның мазмұнын әзірлеу кезінде білім алушылардың жас ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеру қажет.



4 бөлім. Бағдарламаны іске асыру


4.1 Бағдарламаны іске асыру тетіктері

Білім беру ұйымы деңгейінде:

білім беру процесінің барлық қатысушыларының өзара іс-қимылы арқылы құндылыққа бағдарланған тәрбиені жоспарлаудың тұтас тәсілін енгізу;

сынып / кураторлық сағаттарды оқу-тәрбие процесінің толыққанды және ажырамас құрамдас бөлігі ретінде анықтау; 

бағдарлама құндылықтарына сәйкес жалпы іс-шаралардың мазмұнын байыту (мемлекеттік және ұлттық мерекелерге байланысты іс-шаралар; атаулы күндер мен маңызды оқиғаларға арналған іс-шаралар; оқу жылының басталуы мен аяқталуына арналған салтанатты іс-шаралар; олимпиадалардағы, спорттық және шығармашылық конкурстар мен жарыстардағы жетістіктері үшін білім алушылар мен педагогтерді марапаттау рәсімдері);

отбасымен ынтымақтастықты нығайту;

күтілетін нәтижелерге сәйкес тәрбие жұмысына мектепішілік бақылауды жүйелі түрде жүргізу.

Педагогтер деңгейінде

Бағдарлама құндылықтарын оқу-тәрбие процесіне интеграциялаудың тиімді тәсілдерін талқыланатын педагогикалық орта құру; 

Бағдарлама құндылықтарының сабақ мазмұнына үйлесімді интеграциялануын қамтамасыз ету (пәнаралық сабақтастық, оқу мақсатына сай  мәтіндерді, тапсырмаларды құндылықтарға сәйкес таңдау); 

жобалық жұмысты оқу-тәрбие процесіне біріктіру; 

сабақтан тыс қызмет түрлерін кеңейту (акциялар, қайырымдылық және волонтерлік іс-шаралар, мәдени іс-шаралар, туристік сапарлар мен мұражайларға бару, шақырылған стейкхолдерлермен кездесулер және т. б.);

Отбасымен ынтымақтастық деңгейінде

ата-аналармен ынтымақтастықты нығайту және бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға тарту (құндылықтарды бірлесіп талқылау, балалардың дамуы мен әл-ауқаты үшін бірлескен шешімдер қабылдау); білім алушының даму динамикасын қадағалау және сапалы кері байланыс беру үшін жаңа форматтағы ата-аналар жиналыстарын (білім алушылармен бірлесіп жеке және топтық консультациялар, педагогикалық консилиумдар, тренингтер, семинарлар, ашық есік күндері, ата-аналар конференциялары, педагогикалық қонақ бөлмелері) өткізу; 

ата-аналардың педагогикалық мәдениетін тәрбиелеудің өзекті тақырыптары бойынша бірлескен іс-шараларды, ата-аналардың дәрістерін ұйымдастыру және жасөспірім білім алушылармен өзара іс-қимыл жасау арқылы арттыру. 

4.2 Бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы білім беру ортасын құру: 

білім беру ұйымында қауіпсіз, жайлы физикалық оқу ортасын қамтамасыз ету;

«Біртұтас тәрбие» тәрбие бағдарламасының түйінді құндылықтарын ескеріп, білім беру процесінің барлық қатысушылары үшін этикалық нормаларды белгілеу;

барлық білім алушылардың әлеуетін дамытуға ықпал ететін инклюзивті орта құру;

педагогтер, білім алушылар мен ата-аналар немесе заңды өкілдер арасында өзара сыйластық және тілектестік қарым-қатынас орнату;

ата-аналармен ынтымақтастықты нығайту арқылы білім алушыларға жайлы жағдай жасау.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының түйінді құндылықтарына сәйкес пәндік-кеңістікте шығармашылық пен жасампаздық ортасын қалыптастыру;

білім алушылардың бірлескен шығармашылық әрекетке дайындығын ескере отырып, олардың белсенді қатысуы үшін педагогикалық әдістерді тиімді қолдану;

білім алушылардың өз идеяларын, пікірлерін, тұжырымдарын білдіруге мүмкіндік жасау;

ата-аналармен ашық және жағымды қарым-қатынасты дамыту;

білім алушылардың білім беру мүмкіндіктерін кеңейту үшін стейкхолдерлермен ынтымақтастықты орнату және әрбір білім алушының тұлғалық дамуына, табыстылығына қолдау көрсету;

білім алушылардың әлеуметтік дамуына және олардың қоғам өміріне қатысуына бағытталған жобалар мен іс-шаралар жүйесін құру.

4.3 Бағдарламаны іске асыру алгоритмі

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігінің бағдарламасын таныстыру үшін Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың білім басқармалары жергілікті атқарушы орган басшыларының қатысуымен жиналыстар өткізеді;

Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың білім басқармалары «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын түсіндіру мақсатында білім басқармаларының тәрбие жұмысына жауапты мамандардан, өңірлердің оқу-әдістемелік орталықтарының әдіскерлерінен тұратын жұмыс тобын құрады. Жұмыс тобының мүшелері тәрбие жұмысына жетекшілік ететін қалалық, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлеріне семинарлар өткізеді;

Жұмыс тобы облыстың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының ерекшеліктеріне қарай, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру жоспарын әзірлейді;

Тәрбие жұмысына жетекшілік ететін қалалық (аудандық) білім бөлімдерінің әдіскерлері мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

Білім берудің барлық деңгейлеріндегі ұйымдар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігінің «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын ұйымның педагогикалық кеңесінде талдайды, соның негізінде білім беру ұйымының жаңа оқу жылына арналған оқу-тәрбие жұмысының жоспарын әзірлейді және бекітеді;

Управления образованияның «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының іске асырылуына тоқсан сайын мониторинг жүргізеді.

4.4 Бағдарламаның күтілетін нәтижелері

Бағдарламаны дәйекті және кешенді іске асыру нәтижесінде білім берудің барлық деңгейіндегі ұйым түлектерінің бойында құндылықтар мен негізгі құзыреттері қалыптастыру және дамыту күтіледі:

Құндылық: тәуелсіздік және отаншылдық 

Құзыреттілік: ұлттық мүддені дамыту

Мектепке дейінгі ұйым түлегі:

Отан, ел, туған өлке туралы қарапайым түсініктері;

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері туралы білімдері;

мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылу;

ұлттық мерекелер, ойындар, дәстүрлер туралы білімдері;

туған өлкенің табиғатына қамқорлықпен қарау бойынша біліктері мен дағдылары бар.

Бастауыш мектеп түлегі:

мемлекеттік тілді білу және құрметтеу;

мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету және өз еліне сүйіспеншілік таныту;

дәстүрлерді сақтау және құрметтеу;

отбасының құндылығын түсіну;

тарихи және мәдени мұраны зерттеуге қызығушылық таныту;

қоршаған ортаға қамқорлық жасау.

Негізгі орта мектеп түлегі:

Қазақстанның тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін, оның тәуелсіздігін және оны сақтаудың маңыздылығын түсіну; 

Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне құрмет көрсету;

Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне, ұлттық мерекелерге құрмет көрсету;

азаматтық және ұлттық бірегейлікті түсіну; 

мемлекеттік тілді меңгеру; 

Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және оны әрі қарай дәріптеу бойынша волонтерлік қызмет пен жобаларға қатысу; 

әр түрлі ұлт өкілдерімен сыйластық қарым-қатынас; 

Қазақстан азаматының міндеттерін орындауға, өз елінің мүдделері мен құндылықтарын қорғауға дайын болу.

Жалпы орта мектеп түлегі:

халықпен/ мемлекетпен бірлікті және өз мемлекетінің дамуы үшін жеке жауапкершілікті түсіну;

ұлттық және мәдени бірегейлікті түсіну;

мемлекеттің тарихи және мәдени мұрасын, дәстүрлерін, мерекелерін құндылық ретінде бағалау; 

мемлекеттік тілді жетік меңгеруге және оны белсенді қолдануға ұмтылу; 

отандық және әлемдік мәдениетті танудың құралы ретінде оқуға деген тұрақты қызығушылық; 

Отанын қорғауға дайын болу, халық пен мемлекеттің егемендігі мен қадір-қасиетін дәлелді түрде қорғай білу.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының түлегі:

жағдаятты өз бетінше талдау, таңдау жасау және шешім қабылдау;

өз елінің тарихы, мәдениеті, дәстүрлері мен жетістіктері туралы кеңейтілген білімінің болуы;

халықпен/ мемлекетпен бірлікті және өз мемлекетінің дамуы үшін жеке жауапкершілікті түсіну;

елдегі және әлемдегі оқиғаларды объективті бағалау үшін ақпаратты сыни тұрғыдан талдай білу; 

ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал ететін мемлекеттік тілді еркін меңгеру; 

еңбек нарығындағы жоғары кәсіби дағдылар мен бәсекеге қабілеттілік; 

Қазақстанның тәуелсіздігін халықаралық аренада аргументті қорғауға дайын болу.

Құндылық: бірлік және ынтымақ

Құзыреттілік: тиімді коммуникация

Мектепке дейінгі ұйым түлегі:

отбасындағы, балабақшадағы, қоғамдық орындардағы қарапайым мінез-құлық нормаларын білу;

басқа балалармен сөйлесуге және олармен ортақ тіл табысуға дайын екендігін таныту;

ойы мен сезімдерін білдіре алу;

Бастауыш мектеп түлегі:

командада жұмыс істеу, бір-бірін тыңдау және ортақ мақсатқа жетуде бірлесіп әрекет ету;

өз ісіне мұқият болу және басқаларға көмек көрсету;

басқаларға құрмет көрсету және олардың ерекшелігіне төзімді болу;

бірлескен жетістіктерге ұмтылу және ұжымдық күш жігерді ынталандыру;

тапсырмаларды орындауда және мәселелерді шешуде бір-біріне көмектесу.

Негізгі орта мектеп түлегі:

қоғамдағы әлеуметтік нормаларды, ережелерді білу және түсіну;

сенімді қарым-қатынас орнату және сыныпта жағымды ахуалды сақтай білу;

тек өзі үшін ғана емес, жалпы ұжым үшін де жауапты болуға дайын болу;

бірлескен іс-әрекет пен өзара іс-әрекет кезінде басқалардың пікірлері мен сезімдерін құрметтей білу;

басқалармен жағымды қарым-қатынас орната білу және қоғамдық өмірге үлес қосу.

Жалпы орта мектеп түлегі:

әлеуметтік, іскерлік және ресми контексте жалпы және ұлттық этикет нормаларын қолдану; 

ортақ мақсатқа жету үшін басқалармен бірлесіп әрекет ету және өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындау;

басқа адамның сезімін және эмоционалды жай-күйін түсіну;

қоғамның игілігіне, қоршаған ортаны қорғауға және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттер мен шешімдерде қоғам алдындағы міндеттерді жүзеге асыру және орындау; 

мектептегі және мектептен тыс іс-шаралар мен волонтерлік қызметте басқаларға көмектесуге және қоғамдық пайдалы істерге қатысуға дайын болу.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының түлегі:

басқа адамдармен қарым-қатынас кезінде өз мінез-құлқын сыни тұрғыдан бағалау және түзету;

өзара сыйластық пен ынтымақтастықты көрсете отырып, өз көзқарастарын білдіру;

ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ете отырып, командада тиімді жұмыс істеу;

басқа (соның ішінде қарама-қарсы) идеялар мен пікірлерді қабылдау;

қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтаудың маңыздылығын түсіне отырып, жанжалды жағдайларды шешуде келісімге келу.

Құндылық: әділдік және жауапкершілік

Құзыреттілік: қоғамға қызмет

Мектепке дейінгі ұйым түлегі:

жауапкершіліктің қарапайым дағдыларын меңгеру;

уәделерді орындай білу.

Бастауыш мектеп түлегі:

шындықты айту;

достыққа адал болу;

жақсылық пен жамандықты, әділдік және әділетсіздікті ажырата білу;

өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарау;

заттар мен мүлікті ұқыпты ұстау.

Негізгі орта мектеп түлегі:

өз әрекетін жоспарлау және ұйымдастыру;

әдеп нормасына сәйкес өзінің және басқалардың іс әрекеттерін талдау;

оқу тапсырмасын орындауда табандылық таныту;

берілген ортақ іс үшін  ұжым алдындағы жауапкершілікті түсіну;

басқаға көмектесуге, мейірімділік танытуға дайын болу;

Жалпы орта мектеп түлегі:

нәсіліне, жынысына, жасына, дініне және басқа да ерекшеліктеріне байланысты кемсітусіз барлық адамдар үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қағидаттарын басшылыққа ала білу; 

әр адамның еңбегін мен қадір-қасиетін әділ бағалау, оның жеке басына құрмет көрсету және қарым-қатынаста сыпайылық таныту қағидаттарын басшылыққа ала білу;

қаржылық, материалдық және уақыт ресурстарын ұтымды және ұқыпты қолдану;

белгіленген стандарттардың, нормалар мен ережелердің сақталуын қамтамасыз ету және оған сәйкес әрекет ету; 

тапсырманы жоспарланған мерзімге сәйкес уақытылы және сапалы орындау.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйым түлегі:

белгілі бір процестің барлық қатысушыларының құқықтары мен міндеттерінің теңдігін ескере отырып, өзінің және басқалардың әрекеттерін бағалау;

ортақ нәтижеге жетуде әрбір тапсырманың маңыздылығын түсіну, өзіне жүктелген міндеттерді сапалы және мерзімінде орындау; 

белгіленген стандарттарға, нормалар мен ережелерге сәйкес жұмыс істей білу, олардың орындалуын қамтамасыз ету;

өз жұмысының нәтижелері үшін жауап беруге, сын пікірді қабылдауға және түзетуге дайын болу; 

тапсырмаларды жоспарға сәйкес сапалы және уақытылы орындау.

Құндылық: заң және тәртіп

Құзыреттілік: азаматтық борыш және парасаттылық

Мектепке дейінгі ұйымның түлегі:

жалпы қабылданған мінез-құлық нормалары мен ережелері жөнінде қарапайым түсініктердің болуы;

үлкендерді құрметтей білу; 

үйде, балабақшада, қоғамдық орындарда дұрыс мінез-құлықтың қарапайым дағдыларын қалыптастыру.

Бастауыш мектеп түлегі:

өз құқықтары мен міндеттерін білу, әдеп нормаларын ұстану, сыныптағы және мектептегі мінез-құлық ережелерін сақтау; 

қауіпсіздік ережелерін, оның ішінде жол қозғалысы ережелерін білу және сақтау;

педагогтерге немесе ата-аналарға проблеманың алдын алу және шешу үшін шаралар қабылдауда көрген немесе білетін қауіптер туралы хабарлау;

кемсітушілік пен қудалаудың кез-келген түрінен аулақ бола отырып, педагогтердің, сыныптастарының құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу.

Негізгі орта мектеп түлегі:

құқықтық жүйе мен адам құқығы негіздерін білу;

тәртіп пен әділдік, нормалар мен ережелерді сақтау қажеттілігін түсіну;

қоғамды қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі заң мен тәртіптің маңыздылығын білу.

Жалпы орта мектеп түлегі:

өз ойларын, эмоцияларын және мінез-құлқын бақылау, қоғамдық игілік мүддесі үшін күнделікті жағдайларда белгіленген ережелер мен рәсімдерді, үйлесімді әлеуметтік қатынастарды сақтау; 

моральдық принциптер мен нормаларды және оқу-танымдық іс-әрекеттегі адал мінез-құлықты ұстану;

тұрақты даму принциптерін өмір салтына айналдыру, баламалы энергия көздерін пайдалану, табиғи ресурстарды үнемді тұтыну;

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының түлегі:

заң мен құқықтық актілерді дұрыс түсіндіру және білу;

алынған құқықтық білімді нақты өмірде, нақты практикалық жағдаяттарды шешуде дербес қолдана алу;

қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін құқықтық нормалар мен ережелерге сәйкес әрекет ету;

жағдайларды заңдылық пен этика тұрғысынан бағалау және негізделген шешімдер қабылдай алу қабілетінің болуы.

Құндылық: еңбекқорлық және кәсіби біліктілік

Құзыреттілік: инновациялық ойлау

Мектепке дейінгі ұйымның түлегі:

үйде, топта қарапайым тапсырмаларды орындай білу; 

домжануарларына, бөлме өсімдіктеріне күтім жасау дағдыларының болуы;

жеке гигиенаны өз бетінше сақтау, ұқыпты киіну және өз заттарын күту, өз бетінше тамақтану және тазалықты сақтай білу; 

жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау.

Бастауыш мектеп түлегі:

мамандықтың ерекшеліктерін білу және адамдардың еңбегін құрметтеу;

өз-өзіне қызмет ету және өзін-өзі ұйымдастыру дағдыларын қолдану;

отбасында және оқуда қажетті жұмыстарды жүйелі түрде тәртіпті және сапалы орындау;

нәтижеге жету мақсатын белгілеу және оны іске асыруды жоспарлау, ұйымдастыру және оған қол жеткізуге ұмтылу;

өз білімі мен дағдыларын дамыту үшін тыңғылықты жұмыс істеу.

Негізгі орта мектеп түлегі:

өзінің және басқалардың еңбегінің нәтижелерін бағалау;

түрлі мамандықтар мен олардың қызмет ерекшеліктерін зерттеуге қызығушылық таныту; 

өз уақытын тиімді жоспарлай білу және кез келген қызметтің нәтижелеріне қол жеткізу үшін күш салу;

еңбек қоғамдық және табысты болудың негізі екенін түсіну;

жеке мүдделерді, қажеттіліктерді ескере отырып, білім мен өмірлік жоспарлардың жеке траекториясын саналы түрде таңдауға және құруға дайын болу.

Жалпы орта мектеп түлегі:

тапсырмаларды тиімді орындау үшін қажетті академиялық және техникалық, заманауи технологиялар мен әдістер туралы білімінің болуы; 

өзін-өзі ұйымдастыру, міндеттерге басымдық беру, жұмыс уақытын жоспарлау;

нәтижелерге қол жеткізу және жақсарту үшін күш салуға дайын болу;

еңбек әдебі мен сапа стандарттарын түсіну;

дамуға және оқуға үнемі ұмтылу.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының түлегі:

елдің, қоғамның дамуы үшін өзінің және басқалардың еңбегінің нәтижелері мен үлесін бағалау;

қазіргі қоғамдағы еңбектің әлеуметтік-экономикалық және саяси маңыздылығын түсіну;

отбасында, мектепте, туған өлкеде әлеуметтік маңызды әрекеттерге қатысу; 

еңбек әрекетінің ерекшелігін түсіну, еңбек қатынастарын реттеу, өзін-өзі тәрбиелеу және кәсіби өзін-өзі дамытудың маңызын түсіну;

жеке өмірлік жоспарларды, қажеттіліктерді ескере отырып, одан әрі білім алуға және кәсіби қызмет нұсқаларын саналы түрде таңдауға дайын болу.

Құндылық: жасампаздық және жаңашылдық 

Құзыреттілік: шығармашылық

Мектепке дейінгі ұйымның түлегі:

шығармашылық қиял мен елестетуге негізделген өнертабысқа қызығушылық таныту;

сурет салу, мүсіндеу, құрастыру дағдыларының болуы;

жаңа нәрсе жасау үшін қалыптасқан біліктер мен дағдыларды қолдана білу.

Бастауыш мектеп түлегі: 

қоршаған әлемді зерттеу, сұрақтар қою, эксперименттер жүргізу және алынған мәліметтер негізінде қорытынды жасай алу; 

жаңа идеяларды қалыптастыру, мәселелердің стандартты емес шешімдерін көру және оларды іс жүзінде қолдана алу;

инновациялық идеяларды жүзеге асыруға ықпал ететін компьютермен жұмыс істеу негіздерін және басқа да технологиялық дағдыларды меңгеру; 

жаңа тәсілдер мен технологияларды қолдануды талап ететін балалар жобаларына қатысуға дайын болу; 

өз әрекеттерінің қоршаған әлем үшін маңыздылығы мен салдарын түсіну. 

Негізгі орта мектеп түлегі: 

тапсырмаларға шығармашылықпен қарай білу, өз шешімдері мен идеяларын ұсына білу; 

өз бетінше әрекет ету және жобаларды іске асыру;

бақылау, өлшеу, эксперименттер мен тәжірибелер жүргізу;

модельдеу, таным объектілерінің құрылымын анықтау, бір бүтіннің әртүрлі бөліктері арасындағы қатынастарды іздеу және бөлу, процестерді кезеңдерге бөлу, себеп-салдарлық байланыстарды анықтай алу; 

оқу есептерін шешудің оңтайлы тәсілдерін таба білу, ол үшін жаңаларын қолдану және бұрыннан таныс алгоритмдерді біріктіру, оларды стандартты емес есептерді шешуге қолдана алу; 

әр түрлі таным құралдарын қолдану дағдылары, әлем туралы білім жинақтау (тілдік, оқырмандық мәдениет, ақпараттық, цифрлық ортадағы қызмет). 

Жалпы орта мектеп түлегі: 

зерттеу жүргізу және ғылыми тәсілді қолдану қабілеті;

ақпаратты талдау және бағалау;

жаңа идеяларды ұсыну;

заманауи цифрлық құралдар мен технологияларды меңгеру;

мақсаттарға жету үшін бастаманы ұсыну, жаңа мүмкіндіктер іздеу және идеяларды іске асыру барысында ресурстарды тиімді пайдалану. 

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының түлегі:

әлемнің қазіргі ғылыми бейнесі, ғылым мен техниканың жетістіктері туралы білу;

ғылымның қоғам өміріндегі маңызы туралы түсінігін сауатты, дәлелді жеткізе білу; 

себеп-салдарлық және құрылымдық-функционалдық талдау элементтерін қолдана білу, неғұрлым күрделі нақты байланыстар мен олардың тәуелділіктерін зерттей алу; 

сыни ойлау, сенімді ғылыми ақпаратты анықтау және ғылымға қарсы идеяларды сыни талдай алу дағдыларының болуы; 

фактілерді байқау, жинақтау және жүйелеу, жаратылыстану және гуманитарлық салаларында, зерттеу қызметінде тәжірибені түсіну. 

Күтілетін нәтижелер оқу-тәрбие процесін іске асырудың тиімділігін мониторингтеу және бағалау үшін негіз болып табылады.


Согласовано

29.07.2024 15:30 Медетбекова Меруерт Аскарбековна

29.07.2024 16:57 Жумашев Каныбек Бекболатович

29.07.2024 18:36 Муханбетов Асет Гарифуллейович

29.07.2024 19:01 Куптлеуова Багымкуль Абубакировна

29.07.2024 20:29 Курманбекова Карлыгаш Жаркынбековна

30.07.2024 09:56 Нагметжанова Толкын Сериковна

30.07.2024 10:00 Акитаева Гульден Бериковна

30.07.2024 10:02 Дуйсенбаева Фариза Сансызбаевна

Подписано

30.07.2024 18:55 Бейсембаев Гани Бектаевич

 

Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив