Ата-аналарға кеңес
Бала неге сөйлемейді: Ата-аналар жиі жіберетін 5 қателік
Әдетте, бала мидың нақты бөліктерінде сөйлеу қызметіне жауап беретін нейронды байланыстардың жетілімсіздігінен кеш сөйлейді. Оған гипоксия секілді құрсақішілік проблемалар әсер етеді. Бұл проблеманың салдары жайлы хабардар ата-аналар жүктіліктің соңғы айларында дәрігерге қаралып, жаңа туған нәрестеге арналған жаттығулар жиынтығын алады. Алайда бала 2,5-3 жасында сөйлеп бастамаса, оның ата-анасы бір немесе бірнеше қателік жіберген болуы да мүмкін.
1. Сәтті өткізіп алады
Ата-ананың жаңа туған нәрестенің даму кезеңдері жайлы білгені дұрыс. Егер олар одан хабарсыз болса, баланың туылғаннан кейінгі дұрыс емес дамуына мән бермеуі мүмкін. Нәтижесінде, ол баланың сөйлеуін тежейді. Мысалы, әке мен шеше баланың зияткерлік дамуына ірі және ұсақ моториканың қажет екенін білмей қалуы мүмкін. Ал ол арқылы баланың сөйлеуі мен басқа да маңызды қызметтері дамиды. Жаңа туған нәрестенің моторикасын дамытудың маңызды кезеңдері: затты аңду, ұстау, бір қолдан екінші қолға беру, ойыншықтарды ауызға салып көру, аунау, еңбектеу, алғашқы қадамын жасау. Бұл кезеңнің әрбіреуі қажет, егер олардың біреуі жасалмаса, бірдеңе дұрыс емес болуы мүмкін. Егер бала еңбектемей, бірден жүріп кетсе, нәтижесінде когнитивті проблемалар пайда болуы мүмкін. Ол сөйлеуге ғана қатысты емес, оқу немесе бірдеңе үйренуге де әсер етеді. Мысалы, жаңғақтарды бір ыдыстан екіншіге салу, пазл жинау, суреттерді екі қолмен бірге аудару немесе кезектесе аудару — бұл динамикалық моторика. Бұл да баланың сөйлеуінің дамуына әсер етеді: сөздерді бөлек-бөлек айтпай, олардан сөйлем құрауға көмектеседі.
2. Баламен сөйлеспейді
Балалардың кеш сөйлеуінің кең тараған себептерінің бірі — ата-ананың онымен сөйлеспеуі. Әдетте, жас ата-аналар баланы ересектердің сөздерін түсінуге әлі кішкентай деп санайды. Бала әңгімені жалғастыра алмайтындықтан, онымен сөйлесудің қажеті жоқ деп ойлайды. Алайда бала дүниеге келгеннен бастап ересектердің — анасының, әкесінің және үйде тұратын басқа да адамдардың сөздері мен дауыстарын естуі керек. Осылайша, бала дауыс ырғағын аңғарады, дыбыстарды анықтайды және меңгереді, сөздерін жаттайды. Көпшілік ересекке монологтар жалықтырғыш көрінгенімен, ол сәбидің дамуы үшін маңызды.
3. Ерте немесе жиі гаджет ұстауға рұқсат бередіБаланың кеш сөйлеуінің тағы бір себебі — гаджеттер. Ата-аналар ақпараттық технология заманында гаджеттерсіз өмір сүру мүмкін емес деп ойлайды. Сол үшін олар мультфильмдер, дамытушы бағдарламалар және ертегілер жүктеп алып, оларды балаларға береді. Осы жерде проблема туындайды. Себебі балалар заттарды кешенді қабылдайды. Яғни, бала экраннан көрген шардың дөңгелек екенін түсіну үшін оны жай көру жеткіліксіз. Ол шарды ұстап, иіскеп және жалап көруі керек. Ал планшет ондай мүмкіндік бермейді. Сондықтан баланың еріксіз шығармашылығы төмендейді және түрлі қызметтердің, соның ішінде, сөйлеу мен дикцияның даму мүмкіндігі шектеледі. Сол себепті бала өмірінде ең болмағанда 2 немесе 3 жасқа дейін гаджеттер мен теледидардың болмағаны жөн.
4. Балаға сын айтады
Бала енді-енді сөйлей бастағанда кей ата-аналар оны жиі түзей береді. Бұл әдетімен олар баланың ынтасын басып тастайды да, санасыз түрде үндемеуге мәжбүрлейді. Оның орнына баланы қолдаңыз. Егер ол дұрыс айтпаса, дұрыс айтып қайталаңыз, бірақ одан қайтадан айтуын талап етпеңіз және оған ұрыспаңыз. Бала кей сөздерді өз тілінде айтуы мүмкін. Мысалы: суды — бу, әпкесін Фариза емес — Байбу. Бұл кезде де оны әркез түзетудің қажеті жоқ, оған кей сөздерді өз қалауынша айтуға мүмкіндік беріңіз. Бастысы, сіз де оның тілімен сөйлеп кетпеңіз. Мысалы, бала түсіну үшін "бу ішесің ба демей", су деп дұрыстап сөйлеңіз. Әйтпесе, ата-ана да бала тілімен сөйлейтін болса, ол баланың кеш сөйлеуіне себеп бола алады.
5. Өте ұзақ сөйлемдер қолданады
Кейде ата-аналар баламен ересектермен сияқты сөйлеседі. Ұзын әдеби сөйлемдерді қабылдау балаға қиынға соғады. Сол секілді қатты еркелетіп сөйлесуге де болмайды. Баламен әңгімелесу кезінде анық сөздерден құралған қысқа қарапайым сөйлемдерді қолдану керек: «Кеттік, далаға шығамыз!», «Ұйықтайсың ба?», «Маған үлкен допты әкеліп берші».
Балаға көбірек ертегі оқып, мақал- мәтел, тақпақтар жаттатып, сөздік қорын үнемі молайтып отыруымыз қажет.